Өзіміз көп үміт күтіп отырған жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан тәлім-тәрбиесі мен үлгі — өнегесінен нәр алары анық.
Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді.
Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең жақыны балаларға ол ертегі болмақ. Алғашқы қауымнан бастап, бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Қазақ ертегілері сан алуан.
Ертегі арқылы айнала қоршалған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алып, адамгершілік тәрбиесінің бастауларына ден қояды.
Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше. Ертегі адамның қиялына қанат бітіреді. Білмегенді білгенге сүйрейді. Кімдерден, қай кейіпкерлерден аулақ болуды насихаттайды. Бұл өшпес зор туындылар бала болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.